Семейде жүк көлігін мас күйде басқарған жүргізуші ұсталды

Семей қаласында тәртіп сақшылары жүк көлігін мас күйде басқарған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды 24kz.

«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері 57 жастағы Жамбыл облысының тұрғынын тоқтатып, медициналық тексеру жүргізген. Сараптама нәтижесінде оның мас күйде рөлге отырғаны анықталды. Енді жүгенсіз жүргізуші 15 күнге қамалып, 7 жылға куәлігінен айырылуы мүмкін. Семейде транзиттік жүк көліктері үшін арнайы бағыт болмағандықтан, ауыр техника тұрғын үйлер маңымен, қаланың ішкі көшелерімен жүруге мәжбүр. Бұл жағдай көлік қозғалысын қиындатып қана қоймай, жол-көлік оқиғалары санының артуына себеп болып отыр. Жыл басынан бері облыс аумағында 676 жол апаты тіркеліп, 46 адам мерт болған.

Ержан Ақбаев, Абай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыс орталығы арқылы өтетін айналма жолдың болмауы әлі күнге дейін күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Қаладан өтетін ауыр жүк көліктері қосымша қауіп тудырып қана қоймай, жол-көлік оқиғалары мен жаяу жүргіншілерді басып кету фактілері де тіркелуде. Автокөліктердің жолаушы және жүк тасымалына қатысты жүргізушілерін тексеру күшейтіліп, жаяу жүргінші өткелдерінен өту ережелерін сақтау ерекше бақылауда.