Атырау облысында заңсыз ауланған 6 тоннадан астам балық тәркіленді
Атырау облысында «Бекіре» акциясы басталғалы заңсыз ауланған 6 тоннадан астам балық тәркіленді.
Браконьерлерге шамамен 12 миллион теңге айыппұл салынды. Шара аясында өзен арналары мен Каспий теңізі аумағынан құжатсыз жүрген 50-ге тарта су көлігі тоқтатылып, заңсыз құрылған 555 ау шығарылды. «Жайық-Каспий» бассейіндегі балық қорғау шарасы Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 31 мамырға дейін жалғасады. Қазір браконьерлер жүруі мүмкін орындарда стационарлық және жылжымалы бекеттер ұйымдастырылып, тас жолдарда мобильді топ құрылған.
Рүстембек Қорқытов, "Жайық-Каспий" облысаралық бассейндік инспекциясының баспасөз хатшысы:
- Акция басталғалы құқық қорғау және табиғат қорғау органдары, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметі мамандарымен бірлескен шара нәтижесінде 549 құқық бұзушылық анықталып, 401 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су айдындарында жойылу қаупі бар балық тұқымдарын аулаған браконьерлерге қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды.