Айналма жолды су басты: Есіл өзенінің тасуына байланысты ескерту жарияланды
Петропавлда Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп, қауіпті межеге жақындап қалды, деп хабарлайды «24KZ».
«Қазгидромет» кәсіпорны Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өткен тәулікте Есіл өзенінің су деңгейі 8 см-ге көтеріліп, сағат 08:00-дегі жағдай бойынша 993 см-ге жетті. Яғни, қауіпті деңгей – 1 мың см-ге жақындап қалған. Қазіргі уақытта Петропавл гидроторабы маңындағы Заречный кентіне баратын айналма автожолды су басты, - делінген хабарламада.
Синоптиктер мен гидрологтардың болжамынша, алдағы уақытта су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін. Егер су деңгейі қауіпті шектен асатын болса, өзеннің төменгі ағысындағы автожолдарды су басу қаупі күшейеді. Мамандар тұрғындар мен жүргізушілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.