Ұлттық экспедиция кезінде ақбөкендердің жаппай қырылуы анықталған
Қазақстанда 1–16 мамыр аралығында өтіп жатқан Dala Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы барысында жаппай қырылған ақбөкендер анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл жағдай Баянауыл мен Курчатов аралығындағы аумақта, Жаңа Ақшиман ауылына жетпей тіркелген.
Экспедиция қатысушыларының айтуынша, далада табылған жануар өлекселері ұзақ уақыт бойы жатқан. Бұл олардың бір мезетте емес, біртіндеп қырылғанын көрсетуі мүмкін.
Мамандар ықтимал себептердің бірі ретінде көбею кезеңімен байланысты табиғи биологиялық үдерістерді атайды. Бұл уақытта ақбөкендер әлсіреп, сыртқы факторларға осал болатыны айтылады.
«Өлекселер бұрыннан жатыр, ағарып кеткен. Біз өте көп мөлшерде қырылған ақбөкендерді көрдік, олардың көпшілігінің мүйізі бар. Бұл күйлеу кезеңімен сәйкес келуі мүмкін. Осы уақытта жануарлар әлсіреп, шағылысу жиілейді, соның салдарынан өлім-жітім артуы ықтимал», — деді экспедиция жетекшісі Жәнібек Кенжебаев.
Дегенмен, жағдайдың нақты себебін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет екені айтылды.
Экспедиция қазіргі уақытта өз жұмысын жалғастырып, даладағы ахуалды бақылау және дерек жинаумен айналысуда.
Айта кетейік, Dala Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы 2026 жылдың 1 мамырында Астанада басталған. Жоба 16 күндік далалық зерттеу экспедициясы ретінде ұйымдастырылған.
Экспедиция Қазақстанның кемінде 10 өңірін қамтып, 6000 шақырымнан астам аумақты жүріп өтеді. Оған шамамен 40 фермер, сарапшы және сала өкілдері қатысуда. Қатысушылар нақты шаруашылықтарда жұмыс істеп, мал шаруашылығының жағдайын талдап, саланың негізгі мәселелерін зерттейді.
Жоба қорытындысында Қазақстандағы ет бағытындағы мал шаруашылығы бойынша аналитикалық есеп дайындалады.