Ақтөбеде мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтірген қылмыстық топ сотқа тартылды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады. Топ мүшелері міндетті алымдарды төлеуден жалтару мақсатында автокөліктерді есепке заңсыз қоюмен айналысқан, деп хабарлайды «24KZ»
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топ Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында N3 санатындағы (ершікті тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автомобильдер) 82 көлік құралын заңсыз тіркеуді қамтамасыз еткен. Заңсыз топтың құрамында 9 адам болған, олардың арасында мемлекеттік автоинспектор мен нотариус та бар.
Күдіктілер міндетті төлемдерсіз жүк көліктерін тіркеу қызметін мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы жарнамалап, клиент іздеген. Өзара келісімге келгеннен кейін, ұйымдастырушы көліктер туралы мәліметті ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп отырған. Ал ол бұған дейін есептен шығарылған, техникалық сипаттамалары ұқсас автокөліктерді базадан тауып берген. Кейіннен топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар ресімдеп, бұл үдеріске бөгде адамдарды тартқан. Құжаттарды Мамандандырылған ХҚКО арқылы өткізіп, заңсыз тіркеуді жүзеге асырған. Бұл ретте нотариаттық әрекеттер көлік иелерінің іс жүзінде қатысуынсыз жасалған.
Қылмыстық әрекеттің салдарынан мемлекетке 705 млн теңге көлемінде шығын келді. Сот санкциясымен күдіктілердің құны 2,4 млрд теңгені құрайтын мүлкіне арест қойылды. Қазіргі уақытта күдіктілердің бесеуі қамауға алынды, ал үшеуі үй қамағында отыр. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.