Мемлекеттік сатып алудағы жарты миллиардтық алаяқтық: 11 адам сотқа тартылды

Фото: depositphotos.com

Мемлекеттік сатып алу жүйесін алдап, миллиондаған қаржыны қалтаға басқан ірі алаяқтық схеманың жолы кесілді. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік тендерлерде заңсыз артықшылықтар ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсетуді желеу етіп, түрлі фирмаларға құрылыс саласындағы жұмыс тәжірибесін қолдан жасап беріп отырған.

Қылмыскерлер «Электрондық депозитарий» жүйесіне ешқашан салынбаған нысандар мен орындалмаған жұмыстар туралы жалған актілерді енгізген.

Салдарынан, ешқандай тәжірибесі жоқ компаниялар мемлекеттік сатып алу байқауларына қатысып, басқа адал кәсіпкерлерден негізсіз озып кетіп отырған.

Ең сорақысы, бұл заңсыз схема интернет-платформалар мен әлеуметтік желілерде ашық түрде, еш қаймықпастан жарнамаланған.

Алаяқтық желінің тамыры өте тереңге жайылғаны белгілі болды. Қылмыстық топтың құрамына 11 адам кірген.

Бұл іске Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғалары да араласты деген күдік бар. Ондағы шенеуніктерге жалған жұмыс тәжірибесін көз жұмып, заңсыз растап бергені үшін пара тасыған делдалдардың да аты-жөні толықтай анықталды.

Қылмыстық жолмен тапқан табыстарын жасыру (легалдау) үшін алаяқтар өздеріне бағынышты өзге де заңды тұлғаларды пайдаланған. Сол компаниялардың есепшоттары арқылы миллиондаған ақшаны жинақтап, кейін қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Қылмыстық топтың тапқан таза табысы 490 миллион теңгеден асып жығылады.

Тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмыстық топтың «қызметіне» жүгініп, жалған тәжірибе жинаған және мемлекеттік тендерлерге қатысып үлгерген 56 компания анықталды. Олардың мемлекеттен алған келісімшарттарын қайта тексеру және күшін жою үшін материалдар бірнеше уәкілетті органдарға жолданды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз