Ақтөбеде нөсерден кейін бірнеше көше мен ауланы су басты

Фото: кадрлар бейнежазбадан алынды

Ақтөбеде кезекті нөсерден кейін бірнеше көше мен аула аумағын су басты. Тұрғындар әлеуметтік желілерде қолайсыз ауа райының салдарын көрсететін видеолар мен фотоларды жариялап жатыр. 

Әсіресе «Океан» аялдамасы маңындағы кадрлар көпшіліктің назарын аударды. Видеода тұрғындардың аялдамаға жету үшін тізеден келетін суды кешіп жүргені көрінеді. Желідегі пікірлердің басым бөлігі қаладағы нөсер суын ағызу жүйесінің жеткіліксіздігіне қатысты болды. Қолданушылар «Арықтар қайда?», «Ливневка жоқ па?», «Қаланың қақ ортасы суға кетсе, шеткі аудандардың жағдайы қандай?» деген сауалдар қойған.

Кейбірі әзілге де басып, аялдаманың атауына қатысты «Океан десе, шынымен океан болыпты», «Атына заты сай аялдама екен» деген пікірлер қалдырған.

Күрделі жағдай көпқабатты үйлердің аулаларында да байқалған. Тұрғындардың айтуынша, қатты жаңбырдан кейін бірқатар көше мен аулаішілік жолдар үнемі су астында қалады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақтөбе облысының ауа райына Жерорта теңізінен келген циклон әсер етіп жатыр.

Ақтөбе облысында жаңбыр 1 маусымнан бері жауып жатыр. Алдағы үш күн бойы да тұрақсыз ауа райы сақталады. Бұршақ аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтөбе қаласында 1-8 маусым аралығында 80,5 мм жауын-шашын түсті, ал маусым айының климаттық нормасы 30 мм. Яғни өңірде нормадан едәуір көп жауын-шашын тіркеліп отыр, – деді «Қазгидромет» мамандары.