Астанада 11-қабаттан лақтырған велосипед бүлдіршінді басып қала жаздады
Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде адам өміріне қауіп төндірген оқыс оқиға орын алды. Куәгерлердің сөзінше, балалар көпқабатты үйдің 11-қабатынан велосипедті төменге қарай лақтырып жіберген. Әлеуметтік желілерде қызу талқылау тудырған бұл сәттің видеосы да тарап үлгерді, деп хабарлайды «24KZ».
Ауладағы бейнебақылау камераларындағы жазбадан оқиғаны анық көруге болады: жоғарыдан құлаған темір құрылғы жерге соғылудан бірнеше секунд бұрын ғана сол тұстан кішкентай бүлдіршін өтіп жағдайда баланы ажалдан тек ғажайып қана аман алып қалды деуге толық негіз бар. Қайғлы оқиғаға бір қадам қалған бұл қауіпті сәт қоғамдағы бала тәрбиесі мен көпқабатты үйлердегі қауіпсіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Аталған оқиғаға қатысты Астана қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді. Тәртіп сақшылары елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде орын алған бұл қауіпті әрекетке қатысы бар кәмелетке толмаған жасөспірімдерді анықтаған.
Үш бала ауладан велосипед тауып алып, біраз уақыт тепкен. Артынан оны 11-қабатқа көтеруді ұйғарған. Кіреберісте жүріп, велосипедті ортақ қолданыстағы балконға шығарып, төменге қарай лақтырып жіберген. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ", — деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Велосипедті балконнан лақтырған баланың ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық балалармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгімелесу жүргізілгенін атап өтті. Мұндай әрекеттер адам өмірі мен денсаулығына аса ауыр зардаптар әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан ата-аналарға балаларына қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үнемі түсіндіріп, айналадағыларға қауіп төндіретін іс-әрекеттердің соңы неге соқтыратынын айтып отыру ұсынылады.