Семейде жоғалған екі бала аман-есен табылды

Фото: polisia.kz

Семей қаласында із-түзсіз жоғалып кеткен екі кәмелетке толмаған бала аман-есен табылды, деп хабарлайды «24KZ».

Polisia.kz мәліметінше, 18 маусым күні сағат 01:00 шамасында «102» арнасына ата-аналардан екі баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Арыз берушілердің айтуынша, балаларды соңғы рет кешкі сағат 20:00 шамасында Семей қаласының Шығыс кенті ауданындағы балалар алаңында көрген.

Хабар түскен бойда Семей қалалық полиция басқармасының жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, іздестіру жұмыстары басталды. Іздеу шараларына полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, патрульдік полиция батальонының экипаждары және екі ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.

Түні бойы аула-қоралар, балалар алаңдары, қараусыз қалған ғимараттар мен бос аумақтар тексерілді.

Нәтижесінде сағат 09:10 шамасында балалар жергілікті тұрғындардың бірінің ауласынан табылды. Оларды байқаған әйел бірден полицияға хабар берген.

Балалар аман-есен ата-аналарына тапсырылды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылатын болады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз