Өскеменде 49 жастағы тұрғыннан 3 келіге жуық марихуана тәркіленді
Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде өңір аумағында есірткі заттарын таратумен айналысқан күдікті ұсталып, ірі көлемдегі марихуана тәркіленді. Бұл туралы ішкі істер органдарының ресми өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ақпаратқа сәйкес, бұл операция «Қарасора - 2026» жедел-профилактикалық шарасы аясында жүзеге асырылған. Полиция қызметкерлеріне аймақта есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі туралы жедел ақпарат келіп түседі.
Жедел уәкілдер дереу бақылау іс-қимылдарына көшіп, күдікті сатушымен хат алмасу жүргізген және есірткі сатып алу жөнінде жалған келісім жасасқан. Нәтижесінде, тыйым салынған затты беру сәтінде күдікті қылмыс үстінде, қолға түсті. Ол Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ұсталған азаматтың тұрғылықты жерін тінту және тексеру барысында полицейлер полимер пакеттерге салынған, әрі қарай бөлшектеп таратуға дайындалған бірнеше ірі көлемдегі есірткі заттарын тапты. Сараптама қорытындысы бұл заттың жалпы салмағы 2,8 келіден асатын марихуана екенін растады. Сонымен қатар, күдіктіден есірткі саудасынан түскен 1 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымы қоғам қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіретінін және бұл қылмыс үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде өте қатаң жаза көзделгенін тағы да ескертеді.