Хромтаудағы ауыр қылмыс: ер адамның денесін тоңазытқыштан тапты

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Ақтөбе облысында аса ауыр қылмыс ашылды. Хромтау қаласында бірнеше күн хабарсыз кеткен ер адамның дене мүшелері күдіктінің үйінен табылған, деп хабарлайды «24KZ».

 Оқиға 2024 жылдың қазан айында болған. Полицияға ер адамның жұбайы хабарласып, оның бір аптаға жуық уақыт бойы үйіне оралмағанын айтқан.

Тәртіп сақшылары дереу іздеу жұмыстарын бастаған. Жедел-тергеу тобы жоғалған азаматтың байланыс ортасын тексеріп, туыстары мен таныстарынан жауап алған.

Іздеу барысында полицейлер оның екі танысына шыққан. Күдіктілердің бірінің үйін тексеру кезінде ауыр қылмысқа қатысты заттай дәлелдер табылған.

Тергеу барысында белгілі болғандай, ер адамдар бірге ішімдік ішкен кезде араларында жанжал туындап, қайғылы жағдайға алып келген. Оқиға орнын қарау кезінде тоңазытқыштан жоғалған азаматтың дене мүшелері табылған.

Сот шешімімен негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші сотталушы қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз