«Жағдайы ауыр»: Шу станциясында әйелді пойыз қағып кетті

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Шу станциясында жылжымалы құрам әйелді қағып, ол ауыр жарақат алды. Оқиға туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тараған. Алдын ала мәлімет бойынша, жағдай станция аумағындағы қызметтік өткелде болған, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға 20 шілде күні сағат 20:10 шамасында Шу станциясының сұрыптау паркінде болған. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, теміржол қызметкерлерінің өтуіне арналған қызметтік өткелде вагондар мен фитингтік платформаларды тарату кезінде жылжымалы құрам бөгде адамды  жарақаттаған.

Зардап шеккен әйел жедел медициналық жәрдем бригадасымен Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Оқиға туралы Шу станциясындағы Желілік полиция бөліміне хабарланды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталуда, – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.

Зардап шеккен әйелдің денсаулық жағдайы туралы Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы ақпарат берді. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Науқастың жағдайы ауыр, алған политравмасына байланысты. Есі бар, әлсіз түрде командаларды орындайды. Хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Әрі қарай емдеу тактикасын анықтау үшін штаттан тыс нейрохирургпен қайта кеңес өткізу жоспарланған, – деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқиғаға байланысты Шу станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалған. Тергеу теміржол көлігі қозғалысы мен оны пайдалану қағидаларын бұзу фактісі бойынша жүргізілуде.

20 шілдеде аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. «Қазақстан темір жолы» азаматтарды теміржол нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға және жолдарды тек арнайы белгіленген орындардан кесіп өтуге шақырды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз