Абай облысында бір күнде екі бала терезеден құлап, біреуі қаза тапты
Абай облысында бір тәулік ішінде екі бүлдіршін терезеден құлап кетті. Қайғылы жағдайлардың бірі өліммен аяқталған, деп хабарлайды «24KZ».
Екі жағдай да Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында тіркелген. Екі жасар сәби алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Сол күні тағы бір оқиғада үш жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Ол ауруханаға жеткізіліп, қазір дәрігерлердің бақылауында.
Осы оқиғалардан кейін Абай облысы Полиция департаменті профилактикалық жұмысты күшейтті. Тәртіп сақшылары тұрғын үйлердің аулаларын аралап, ата-аналарға балаларды ашық терезелердің маңында қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.
Полицейлер масаға қарсы торлардың қауіпсіздік құралы емес екенін де еске салды. Мамандардың айтуынша, мұндай торлар баланың салмағын көтере алмайды және құлаудан қорғамайды.
Полиция ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, терезе маңына бала шығып кетуі мүмкін жиһаздарды қоймауға және терезелерге арнайы бекіткіштер мен ашылуын шектейтін құрылғылар орнатуға кеңес береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз