Суға басымен сүңгіген 18 жастағы жігіт мойын омыртқасын сындырды
Шығыс Қазақстан облысында таяз суға басымен сүңгіген 18 жастағы жігіт ауыр жарақат алды. Мойын омыртқасы сынған бозбалаға шұғыл түрде ота жасалып, дәрігерлер оның қол-аяғының сезімталдығын қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды«24KZ».
Оқыс оқиға 21 шілде күні болған. Ауыр жарақатпен түскен науқасты ШҚО Облыстық мамандандырылған медициналық орталығының дәрігерлері дереу қабылдап алды.
Жас жігіт судың тайыз екенін ескермей, басымен түбіне соғылған. Салдарынан мойын омыртқасы шағылып сынған, -деп мәлімдеді медициналық мекеме өкілдері.
Медицинада мұндай жарақаттар өте қауіпті саналып, көбінесе адамның мүгедек болып қалуына немесе өмір бойы төсекке таңылып қалуына әкеп соқтырады. Дегенмен, дәрігерлер уақыт жоғалтпай, келесі күні-ақ науқасқа күрделі ота жасады.
Мамандардың жедел әрі кәсіби көмегінің арқасында ота сәтті аяқталды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы біршама жақсарып, қол-аяғының сезімталдығы мен қимылы толықтай қайтып келді.
Ақ халаттылар бұл жолы бәрі жақсы аяқталғанымен, шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. Бір ғана абайсыз әрекет пен бейтаныс жерге сүңгу адам өмірін бір сәтте күрт өзгертіп жіберуі мүмкін.