Полицейлер жүкті әйелді екі минутта перзентханаға жеткізді
Атырау қаласында патрульдік полиция қызметкерлері кептелісте қалған көлікте жағдайы күрт нашарлаған жүкті әйелді облыстық перзентханаға шұғыл түрде жеткізді, деп хабарлайды«24KZ».
Оқиға қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орын алған. Қызмет атқарып жүрген патрульдік полицияға Hyundai автокөлігінің жүргізушісі келіп жүгініп, жолдағы кептеліске байланысты жүкті жұбайын өз бетінше ауруханаға жеткізе алмай жатқанын айтып, көмек сұраған.
Жағдайдың аса қауіпті әрі шұғыл екенін түсінген полиция қызметкерлері Қанат Ақмырзаев пен Әлішер Төлеуов дереу шешім қабылдады. Олар қызметтік көліктің арнайы дыбыс және жарық сигналдарын қосып, жүкті әйелді бар-жоғы екі минут ішінде облыстық перзентханаға аман-есен жеткізді.
Қазіргі уақытта ана мен баланың жағдайы тұрақты, олар білікті дәрігерлердің бақылауында. Жол сақшыларының кәсіби әрі жедел әрекеті шешуші сәтте уақыт жоғалтпауға және жағымсыз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді.