Астанада Көші-қон қызметі бастығының орынбасары Әлия Мақаева ұсталды
Астана қалалық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «24KZ». Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Желіде тараған мәліметтерге сәйкес, полиция қызметкері заңсыз миграцияны ұйымдастырды және шетелдік азаматтарға ықтиярхатты (ВНЖ) заңсыз рәсімдеуге қатысты деп күдіктелуде. Іс бойынша бірнеше мемлекеттік орган өкілдері өтуі мүмкін екені, ал тергеуді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері ҰҚК-мен бірлесіп жүргізіп жатқаны хабарланды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының жүріп жатқанын растап, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайтынын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растады, деп мәлімдеді tengrinews.
Әлия Мақаева туралы не белгілі?
-
Ресейдің Новгород облысында дүниеге келген. 2001 жылы Орал мемлекеттік заң академиясының заң факультетін аяқтап, ішкі істер органдарына қызметке орналасқан. Еңбек жолын Астана қаласы Алматы аудандық ішкі істер басқармасында тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің инспекторы қызметінен бастаған.
-
2004–2018 жылдары Есіль аудандық ІІБ Көші-қон полициясының аға инспекторы, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы және Астана ІІД Көші-қон қызметі басқармасында аға инспектор лауазымдарын атқарған.
-
2022 жылдың наурызында Астана қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының Азаматтық және иммиграция бөлімінің бастығы, кейін басқарма бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған.
-
2024 жылдың басындағы ресми деректерде оның полиция подполковнигі шені болған.