Самара-Шымкент трассасында жолаушылар автобусы өртенді
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында жолаушылар автобусы өртенді.
8 тамыз күні кешкі уақытта кезекші пультіне Самара – Шымкент автожолының Шалқар көліне бұрылатын тұсында көлік өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Кейін Орал - Қаратөбе бағытында жолаушы тасымалдайтын маршруттық автобус өртенгені белгілі болды. Көлік салонында болған 37 жолаушы өздігінен қауіпсіз жерге шыққан. Өртті сөндіруге Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері мен 2 арнайы техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Сапар кезінде автобуста болған жолаушылардың айтуынша, өрт салқындатқыш жүйесінен шыққан.