Астанада автобус жолақысы қанша болады: жаңа тарифтер бекітілді
Астана әкімдігі қоғамдық көлікте жол жүру тарифтерін белгілейтін жаңа қаулы қабылдады, деп хабарлайды 24KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қаулыда жолақы мөлшері төлем тәсіліне және автобус түріне қарай белгіленген.
Құжатқа сәйкес, қала ішіндегі кәдімгі автобуста электронды төлем жасаған жолаушы 150 теңге төлейді. Ал жолақыны қолма-қол ақшамен төлесе, 300 теңге береді.
Жедел қалалық автобустарда электронды төлем 300 теңге, қолма-қол төлем 400 теңге болады.
Қала маңына қатынайтын автобустарда электронды төлемнің әр шақырымы 13 теңге, ал қолма-қол төлем 19 теңге болып белгіленген.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда электронды төлем жасаған жолаушылар 150 теңге төлейді. Жеңілдік картасы бар азаматтар тегін жүреді.
Электронды жолақы төлеу жүйесі істемей қалса, электронды төлемді пайдаланатын жолаушылар да тегін жүре алады.
Жаңа қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Сонымен қатар 2024 жылғы 16 шілдеде қабылданған № 503-2348 қаулының күші жойылады.