БАӘ-де қазақстандық әпкелі-сіңлі қайтыс болды: СІМ мәлімдеме жасады
Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары - Ақжан және Жұлдыз Бохановалар қайтыс болды. Бұл қайғылы деректі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстандықтардың қаза тапқаны туралы кеше белгілі болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растап, ҚР Дубайдағы Бас консулдығы отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады. Дипломаттар денелерді отанына жөнелту үшін құжаттарды ресімдеуге көмектесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан БАӘ-нің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасауда.
Ақжан мен Жұлдыздың жақын туысымын деп Гүлжихан Амантаева әлеуметтік желілерде отбасына денелерді қайтару процедурасын түсінуге көмектесуді сұрап үндеу жариялады.
Қазіргі уақытта олардың денесі Дубайда тұр. Алайда біз отбасы ретінде денелерді Қазақстанға қайтару мәселесін шеше алмай отырмыз. Бізге денелердің неліктен әлі берілмей жатқаны және рәсімдердің нақты қай кезеңде екендігі туралы түсінікті ақпарат қажет. Біз Қазақстан консулдығына және тиісті мемлекеттік органдарға жүгіндік. Сонымен қатар e-Otinish арқылы ресми өтініш бердік, – деп жазды интернетте бойжеткен.
Таныстарының хабарламаларына қарағанда, әпкелі-сіңлілер Шарджадағы сұлулық салонында жұмыс істеген болуы мүмкін. Қыздарды жеке таныған әйелдердің бірі түсініктемелерде олармен бірге жұмыс істегенін айтты.
Мен оларды жеке танитынмын, Шарджада бірге жұмыс істедік. Олар өте мейірімді, еңбекқор және әдепті қыздар еді. Осындай жағдайдың болғаны өте өкінішті. Топырақтары торқа болсын. Жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Кінәлілер заңның қатаң аясында жазаланады деп үміттенемін», – деп жазды ол.