Ақтөбеде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған полиция майоры 6,5 жылға сотталды
Ақтөбеде полиция майоры Александр Бакшанов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот мәліметінше, ол қызметтік кабинетін шетел азаматтарына жөндеткен, деп хабарлайды 24KZ.
Бакшанов бұған дейін Ақтөбе қаласы полиция басқармасы №4 бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары болған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Бұл норма ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалануға қатысты.
Сот үкімімен Бакшанов полиция майоры арнаулы шенінен айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, судьялық қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару саласында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау органдарында, авиация саласында, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 25 сәуір мен 15 мамыр аралығында Бакшанов шетел азаматтарына өзінің қызметтік кабинетін жөндеткен. Тергеу бұл әрекетті оның лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы деп бағалаған.
Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.