«The Finiko» қаржы пирамидасының басшысы Түркиядан экстрадицияланды
ҚМА-ның Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «The Finiko» құрылымдық бөлімшесінің басшысын Түркиядан елге қайтарды, деп хабарлайды «24KZ».
ҚМА мен прокуратура органдары жүргізген тергеу барысында бұл ұйымның ешқандай нақты инвестициялық қызметпен айналыспағаны және ескі салымшыларға төлемдер тек жаңадан келгендердің қаражаты есебінен төленіп келгені анықталды.
Күдіктінің заңсыз әрекеті салдарынан азаматтарға келтірілген шығын 160 миллион теңгеден асқан. Қылмыстық іс аясында күдіктіге тиесілі құны 221 миллион теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша басқа да үш айыпталушы мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда.
Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.