ІІМ бір аптада мас күйде көлік басқарған 201 жүргізушіні анықтады
Ішкі істер министрлігі бір апта ішінде еліміз бойынша мас күйде көлік басқарған 201 жүргізушінің жолын кесіп, 10 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісін анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Сондай-ақ тәртіп сақшылары бір адам өлтіру, 11 тонау, 218 ұрлық қылмыстарын ашып, Астана, Қостанай және Шымкент қалаларында рұқсат етілмеген дрифт ұйымдастырған жүргізушілерді қатаң жазаға тартты.
Ведомствоның мәліметінше, Үштөбе қаласында түнгі уақытта «Toyota Marino» көлігін мас күйде басқарған 34 жастағы ер адам ұсталып, сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ал елордадағы Шәмші Қалдаяқов көшесінде дрифт жасаған екі жас жүргізуші мен Шымкентте тыныштықты бұзған 18 жастағы «Mercedes-Benz» жүргізушісі 10 тәулікке қамауға қамалып, көліктері арнайы тұраққа қойылды.
Қостанайда жыл басынан бері жол ережесін 16 рет бұзғаны анықталған жүргізуші де бейнебақылау камералары арқылы жедел анықталып, 15 тәулікке қамаққа алынды.
Бұдан бөлек, 21 қыркүйектен бері республика бойынша 13 мыңнан астам заңсыз граффити мен жазу жойылып, 6 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды, ал вандализм мен есірткі жарнамасына қатысты ең ауыр төрт факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полиция өкілдері заң бұзушылықтарға, әсіресе мас күйде көлік жүргізу мен вандализмге қарсы күрес жалғасатынын және ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайтынын қатаң ескертті.