Қыз баланы өлімнен құтқарған көкшетаулық тұрғын қайтыс болды

Қыз баланы өлімнен құтқарған көкшетаулық тұрғын қайтыс болды

Биіктен құлаған қыз баланы құтқарам деп бел омыртқасын зақымдаған көкшетаулық Николай Панюшкин қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өмірінің соңғы 4 жылдан астам уақытын күреспен өткізген қайсар жан кеше кешке қалалық аурухананың реанимация бөлімінде көз жұмған. Былтыр күзде Николай Павлодарда күрделі операция жасатып, аяққа тұрғанын арнамыздан хабарлаған едік. Алайда соңғы уақытта дерт қайта меңдеген. Оның отбасымен аралас-құралас жүрген Тамара Иванчукова Панюшкинге көмектескен барша қазақстандыққа алғыс айтты. Зақымдалған омыртқаларымен қатар, кейіпкерімізді жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және қан қысымы секілді қосымша дерттері де қатты мазалаған екен. Сөйтіп, 69 жасында бақилық болды.

Айта кетейік, Николай Панюшкин 2016 жылы көппәтерлі үйдің бесінші қабатынан құлаған 5 жасар қызды қағып алып, өзі омыртқасынан жарақатты болып қалған. Ал Тамара Иванчукованың айтуынша, ол бұған дейін де бірнеше баланы өлімнен құтқарған болып шықты.

Тамара Иванчукова, Марқұм Н.Панюшкиннің досы:

– Павлодарда ол мені Павел есімді бір жігітпен таныстырды. Сөйтсем, Николай оны да бала кезінде баспалдақтан құлап бара жатқан жерінен аман алып қалған екен. Ал көршілердің айтуынша, іргедегі балабақшаның жанында бір қызды құтқарып қалыпты. Оны бір ер адам соққыға жықпақ болған екен. Міне, осындай ерліктері бар.