Елорда маңында жол апаты болып, полицей қаза тапты

Нұр-Сұлтан маңында полиция қызметкері жол апатынан қаза тапты.

Ақпаратты елордалық полиция департаменті растады, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Оқиға 5 шілдеде түнгі сағат 12:24-те Ақмола облысы Целиноград ауданы Қажымұқан кенті маңында болған.

«30 жастағы жүргізуші рөлді басқара алмай, Lexus GS 300 автокөлігімен аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Көліктегі 35 жастағы жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Ол полиция қызметкері болған. Дерек Ақмола облысының полиция департаментінде тіркелген, тергеу жүргізіліп жатыр», - деді құқық қорғау органдарының өкілі.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, марқұм Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы. Сондай-ақ көлік тізгінінде де полицей болған.