Шымкентте вакциналау паспортын жасағандар әлеуметтік желі арқылы анықталды

Елге жан қайғы болып, біраз адам өлім мен өмірдің ортасында жатқан алмағайып шақта, пайда тауып жатқандар да бар. Жалған ПТР тест жасаған әуежай қызметкерлері қамауға алынды. Бұл Алматы қаласында болған жағдай. Сондай-ақ Шымкентте де бірнеше адамнан құралған топ осы іспен тұрақты түрде айналысып келгені белгілі болды. 

Шымкентте вакциналау паспортын жасағандар әлеуметтік желі арқылы анықталды. Олар қылмыстық әрекетін оңай іске асырып келген. Жалған құжатын мессенджермен жолдап, ақысын да онлайн қабылдаған. Көп ұзамай күдіктілер қолға түсті. Олардың әлеуметтік желідегі жазбасы түгел тексеріледі. Осы іске қатысы бар өзге азаматтар да жауапқа тартылады. 

Серік Ергешов, Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда Шымкент қаласында 9 жайт тіркелген. Олар бойынша тергеп тексеру шарасы жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындары шет мемлекеттерге шығу, қалада еркін жүру мақсатында осындай қадамдарға баруда. Жалған құжат жасау фактілерінің біріне мысал келтірсем: емханалардың бірінде медбикенің жергілікті тұрғынға ковид екпесі егілгені туралы жалған тіркеу жүргізілгені анықталды.

Жалған ПТР тест жасап, оны сатпақ болғандар да Қылмыстық кодекс бойынша бас бостандығынан айырылады. Жақында Алматы әуежайының 2 қызметкері ұсталып, темір торға қамалды. Аз ғана уақыттың ішінде олар 200-дей жалған құжатты сатып, пайданы өзара бөлісіп үлгерген.

Күдікті: 

- Ташкентке ұшуы керек болды. ПТР сараптама қажеттігін айтты. Сөйтіп, құжаттағы аты-жөнді өзгертіп, шетелге шығуына мүмкіндік жасап бердім.

Күдікті: 

- Мен Алматы халықаралық әуежайында жұмыс істедім. Жалған ПТР анықтама жасағанымды мойындаймын.

Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Ақтөбе, Ақмола және Батыс Қазақстанда дәрігерлер жалған құжат жасауды кәсіпке айналдырған.

Гүлнәр Мұстафина, ҚР ІІМ Полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары:

- Шекараны кесіп өту үшін анықтаманы қолдан жасаудың деректері Алматы қаласында, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында анықталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы құжаттарды қолдан жасау, сосын деректер базасына жалған ақпарат енгізу бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілуде.

Қазірге дейін 16 медицина қызметкері жалған құжат жасағаны үшін ұсталды. Олардың ісі сотта қаралады.

Рауан Мыңбаев