Павлодарда «Ashyq» жүйесі 200-ден астам дертті адамды анықтады

Павлодарда «Ashyq» жүйесі 200-ден астам дертті адамды анықтады. Енді карантин талаптарын бұзғандарға ескерту беріледі немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

Сонымен қатар қалада «Аshyq» қосымшасын пайдалану бойынша лидердер белгілі болды. Мәселен, 25 бизнес нысанының әрқайсысы екі апта ішінде бір мыңнан астам ауруды анықтаған.

Павлодар облысы «қызыл аймаққа» шілденің 4-інен бастап кірді. Бір тәулікте коронавирус жұқтырудың 300-ден астам дерегі тіркеліп, жағдай ушығып тұр. Кең көлемді вакциналау шаралары жүргізіліп, карантиндік шектеу енгізілсе де індеттің беті қайтар емес. Ауруға шалдыққандар енді «Ashyq» жобасы арқылы анықтала бастады.

Батырбек Әлиев, облыстық санитарлы-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Павлодар облысында қазіргі таңда 200-ден аса адам қызыл статуспен анықталды. Олар нысандарға кіргізілмейді, оларға әкімшілік кодекс бойынша айыппұл салынады. Мысалы, бір науқас қызыл статусты. Қызыл статусты адам ол  карантинді бұзғанда, далаға шыққанда немесе нысандарға кірген кезде ол минимум 5-7 адамға ауру жұқтырады.

Эпидемиологтардың сөзіне сенсек, «Ashyq» бағдарламасы аурудың алдын алуда таптырмас құралға айналған. Жалпы облыс көлемінде 3,5 мың нысан аталған қосымшаны енгізсе, 2,5 мыңына QR-код жеңілдетілген алгоритм бойынша берілді. Екі аптада мыңнан аса чек-ин жүктеген кәсіпорындар мен мекемелер лидер атанады.

Серік Сәдуақасов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Бұл жерде кәсіпкерлердің барлық карантин талаптарын сақтай отырып жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп отырғанын атап өткім келеді. «Ashyq» жобасының көшбасшылары «қызыл» және «сары» аймақта жасыл статуспен жұмысын жалғастырады.

Қазір аталған жобаға тапсырыс берушілер саны күрт өскен. Олардың қатарында ірі сауда-ойын сауық орталықтары, мейрамханалар, тамақтану орындары, дәмханалар мен фитнес-орталықтары бар. Жуырда  білім беру мекемелері де қосылды.

Қуаныш Қыдырәлин, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

- Атап айтсақ, жаңағы үш жарым мың педагогтың ішінен бүгінгі таңда 97 проценті вакцина салғызған. Сонымен қатар жаңағы барлық мектептер «Ashyq» жобасына енгізіліп отыр. Бұл «Ashyq» жобасы арқылы қазіргі таңда мектеп қызметкерлерімен жалпы келетін адамдарды сол «Ashyq» жобасы арқылы кіргізіп жатқандығын мәлімдеуге болады.

Екі апта ішінде нәтиже көрсетпеген 16 қатысушы жобадан шығып қалған. Кейбірі қайта кіруге әрекет етіп жатыр. Бес бизнес нысаны жұмысын тоқтатқан. Жобаға қатысу үшін QR-код алып, бірақ оны қолдана алмай жатқан мекемелерге мониторингтік топтар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат