Жамбыл облысында синтетикалық есірткі сатқандар ұсталды

Жамбыл облысының тәртіп сақшылары синтетикалық есірткі сатқан екі адамды қолға түсірді. Олардың біріншісінен 1 келідей, ал екіншісінен 20 грамм оралған есірткі заты тәрткіленді. Сыбайластар қамауға алынып, оларға қатысты тергеу амалдары басталды. Қазір күдіктілердің химиялық қоспаларды қайдан алғаны анықталып жатыр.  

БҚО-да ақша бопсалағандар ұсталды

Батыс Қазақстан облысында жәбірленушіден 2 млн теңге бопсалаған екі адам ұсталды. Күштік құрылымдардың арнайы операциясы нәтижесінде күдіктілер қаржы алып жатқан жерінде қолға түсті. 35 және 41 жастағы ер адамға ҚР ҚК 194-бабы  «Бопсалау» бойынша іс қозғалды. Тергеу барысында олардың өзге де қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды.  

Талдықорғанда жол апатынан бір адам қаза тапты

Талдықорғанда көлік тізгініне ие бола алмаған жүргізуші электр бағанасына соғылды. Салдарынан 24 жастағы жігіт ауруханаға жетпей жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Ал жанындағы жолаушысы түрлі дене жарақатын алды. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше,  қайғылы жағдайға байланысты сараптама тағайындалып, тергеу амалдары басталды.   

Түркістан облысында 19 адамды алдап кеткен әйел ұсталды  

Түркістан облысының тәртіп сақшылары 19 адамды сан соқтырып кеткен әйел адамды ұстады. Ол құмар ойын арқылы ақшаңды еселеп берем деп жәбірленушілерден қаржы алып отырған. Кейін телефонын көтермей, байланысқа шықпапты. Алданғанын түсінген тұрғындардың бірі құзырлы органдарға шағымданған. Полицейлер банк қосымшасы арқылы күдіктінің аты-жөнін анықтап оны қамауға алды.

Нұрлыбек Бексейітов, Мақтаарал аудандық ПБ аға тергеушісі:

- Жауап алу барысында ол жәбірленушілерден алған ақшасын құмар ойынға тігіп ұтылып қалғанын жазып көрсетті. Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 8 млн теңге. Қазіргі таңда тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Павлодар облысы: шағын арал отқа оранды 

Павлодар облысының Аққұлы ауданында шағын арал отқа оранды. Қураған шөптің жанғаны жақын елді мекендерден ғана емес, ғарыштық мониторинг кезінде де байқалған. Қазанның 24 күні басталған өрт ертесі күні таңертең өшірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға еріктілерден жасақталған 30 шақты адам мен 10 техника жұмылдырылды.