Көкшетауда саяжай үйіндегі өрттен бір адам көз жұмды

Көкшетауда саяжай үйі өртеніп, 1 адам қаза тапты. Тілсіз жау таңғы сағат 10-нан асқан уақытта тұтанған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, қызыл жалын шарпыған баспанада 2 ер адам болған. 39 жастағы жігіт сыртқа шығып үлгірсе, 1974 жылы туған азамат өрт құсауында қалып қойған. Аман қалған ер адам дереу ауруханаға жеткізілді. Ал екінші адамның мәйітін құтқарушылар өрт сөндіру кезінде тапқан. Куәгерлердің сөзінше, олар үйде ішімдік ішіп отырған және пеш жанып тұрған.

Әсет Жақсылықов, қалалық ТЖБ бастығы:

- Өрт сараптамасы тағайындалды. Қызыл жалынның нақты неден тұтанғаны соның нәтижесі шыққан соң белгілі болады. Тілсіз жауды сөндіру барысында бір газ баллон жарылды. Абырой болғанда, құтқарушылар зардап шеккен жоқ. Ал оған дейін тағы бір газ баллон шығарылған болатын. Өртті сөндіруге 3 техника мен 15 қызметкер жұмылдырылды.