ШҚО-да көлікке қысылып қалған жүргізуші құтқарылды

Өскеменде «ВАЗ 21115» автокөлігі бетон бағанаға соғылып, көлік жүргізушісі қысылып қалды, деп хабарлайды Хабар 24.

Көмекке құтқарушылар келіп, гидравликалық құрылғылардың көмегімен ер адамды автокөліктен шығарған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. 

ТЕЛЕФОНДЫ ТҮГІМЕН ЖҰТҚАН

Қарағанды облысындағы түзеу колониясында жазасын өтеуге келген сотталушыдан ұялы телефон тәркіленді. Ол тыйым салынған затты түрме ішіне алып кіру үшін құйтұрқы амалға барған. Нақтырақ айтсақ, 28 жастағы жазасын өтеуші ұялы телефонды тік ішегіне жасырыпты. Профилактикалық тексеру кезінде оның ішкі ағзасында бөтен заттың бар екені рентген құрылғысы арқылы анықталған. Қазір аталмыш оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

БАЛЫҚ ҚҰМАР ЖАЗАСЫН АЛАДЫ

Түркістан облысында заңсыз балық аулағандар ұсталды. Көксарай су реттегіші маңында тоқтатылған екі жеңіл автокөліктен 240 келіден астам су маржаны тәркіленді. Сонымен қатар 2 үрлемелі резеңке қайық, 50 дана қытайлық ау-торлар табылған. Олардың табиғатқа келтірген залал көлемі шамамен 748 мың теңгеден асып отыр. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша полиция іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. 

АУЫЛ ТҰРҒЫНЫНАН ТАПАНША ТАБЫЛДЫ

Алматы облысының Талғар ауданы Бесағаш елді мекенінде травматикалық қаруды заңсыз сақтау дерегі анықталды. Жедел алдын алу шарасы барысындағы тексеру кезінде ер адам 9 миллиметрлік калибрлі тапаншаны өз еркімен полицейлерге берген. Қазір аталған қару сараптамаға жіберілді.