Ақтаулық жастар арандатушыларға ермеуге шақырады

Ақтаулық жастар арандатушыларға ермеуге шақырады
РИА Новости

«Ынтымақ» алаңына жиналған мына жастар халықты ынтымаққа үндеп жатыр. Бейбіт шеруге шығып, талаптарын жеткізуге келгендердің ішінде бүлік шығарып қала ма деп, қоғам белсенділері де қауіптенеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасын Біркенов, тілші:

– Ақтау жастары мен спортшылар «араңдатушылыққа жол жоқ» деп орталық алаңға шықты. Осылайша олар ел арасына іріткі салмақ болғандардың жолын кесті. Бүлік шығаруға азғырғандардан сақ болуға Маңғыстаудың бір топ белсенділері де шақырып жатыр.

Оңайбек Әбділов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Әлемде көптеген бейбіт шерудің арты неге ұласып кеткенін, тіпті мемлекеттік дәрежедегі төңкерістің болғаны белгілі. Аяқ астынан осындай жағдай болып жатыр. Қазіргі таңда осыны пайдаланып, кейбір топтар елдің сыртынан, елдің ішінен келіп бүлік шығаруда. Халыққа айтарым, қазіргі таңда Президентіміз жариялаған төтенше жағдайға бағына отырып, тәртіп сақтап, мемлекеттік мекемелердің басқа ғимараттарға шабуыл жасау дегенді тоқтатып, айтатын талаптарымызды комиссияға жеткізіп, соның орындалуын сабырмен күткенімізді жөн деп санаймын.

Жақсыгүл Маханбетова, қоғам белсендісі:

– Барлық азаматты осы төтенше жағдайлардың талаптарына сәйкес тәртіпке бағынып, әрі қарай ушықтырмай қоғамдағы тұрақтылықты қалпына келтіруге атсалысуға шақырамын. Түрлі арандатушылардың әртүрлі жалған деректеріне, ақпараттарына сеніп, қоғамда осындай тәртіпсіздік орын алды. Сенбеу керек. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталмаған. Бұл керісінше, елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіру болып табылады.

Арандатушылардың арбауына түсіп қалмаңдар деп облыс әкімі де ескертті. Нұрлан Ноғаев халықтан үйлеріне оралуды сұрады. Өңір басшысы «көшеге шыққан халық өз еркімен үйлеріне оралатын болса, оларға қатысты ешқандай шара қолданбайды», деп уәде берді. Тап қазір Ақтаудағы орталық алаңға жиналып жатқан адамдардың саны көбейіп бара жатқанын айтып кету керек. Қазірдің өзінде бір мыңнан астам азамат бар. Шерушілердің қатарына мұнайшылар, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты, «Каскормашзауыт» секілді өңірдегі ірі кәсіпорындардың қызметкерлері де қосылды.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

– Білместікпен немесе әр түрлі себептермен осындай шараларға қатысып жүрген азаматтар қазіргі таңда өз еріктерімен арандатушылыққа ермей, үйлеріне қайтулары сұралады. Егер қазір өз еріктерімен тарайтын болса, қолданыстағы заң аясында ешқандай шаралар қолданылмайды. Өз тарапымыздан іс-әрекеттердің барлығы заң аясында қатаң бақыланып, жүзеге асырылатынын қаперіңізге беремін. Біз өз тарапымыздан қалыптасқан жағдайды тезірек шешуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларының аясында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселелеріне ден қоямыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес азаматтық және әскери нысандарды қорғау мәселелерін ұйымдастыру және сол обьектілерге қандай да бір қастандық немесе жұмыс істеуге кедергі келетін мәселелерді болдырмау жөнінде тапсырмалар берілді. Ардақты ағайын, бірігіп осы мәселені шешейік.

Алаңға шыққан адамдардың нақты талаптары әлі де ресми жарияланбаған. Бүгін бір топ азаматтар Ақтау мен Мұнайлы ауданын қосатын орталық жолды жауып тастағаны белгілі. Сонымен бірге теміржол вокзалына апаратын жолды да халық бөгеп тұр. Бұл ақпарды Мұнайлы ауданы әкімдігі растады. Сондай-ақ Ақтау қаласында қоғамдық көлік жұмыс істемейді. Ұшақтар да кешігіп ұшып жатыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, М.Диханбаев