Қостанай облысында бүлік ұйымдастырушыға айып тағылды 

Қостанай облысында полиция жаппай тәртіпсіздік бойынша ұсталған адамдардың біріне бүлікті ұйымдастырушы деген айып тағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, ол арнайы электронды қосымша ашып, жалған ақпарат таратқан. «Полиция қызметкерлері наразылыққа қатысушылардың жағына шықты» деген жалған хабарды әлеуметтік желіге жүктеген де сол екен. Мыңнан аса адам тіркелген  мессенджер арқылы ол көпшілікті ереуілге  шақырған. Бұл іс бойынша тағы төрт күдікті ұсталып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бекет Аймағамбетов, облыстық ПД басшысы:

– Әлеуметтік топ өткен жылдың қазан айынан бастап жұмыс істей бастаған. Бірақ қаңтар айына дейін өз белсенділігін танытпаған. Қазіргі уақытта күдіктінің әрекеті ҚР ҚК 272 бабының жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша сараланады. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуды көздейді.  Жедел іздестіру шараларымен аталған әлеуметтік желідегі топ Қазақстанның 8 қаласын біріктірген осындай ұқсас топтардың құрамына кіргені анықталып отыр.