Елордадағы сауда үйлерінің біріне ұры түсті

Елордадағы сауда үйлерінің біріне ұры түсті

Күдікті сауда үйінен ноутбукті қолды қылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жедел іздестіру нәтижесінде 34 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Полицейлер күдіктінің сауда орнындағы жабық тұрған дүкендердің бірінің есігін бұзып кіргендігін анықтады. Ол бағасы 90 мың теңге тұратын компьютерді ала шыққан. Бейнебақылау камерасы арқылы анықталған айыпталушы кінәсін мойындады. Ұрланған ноутбук тәркіленді.

БІРЕУДІҢ СӨМКЕСІНЕН АҚША ҰРЛАҒАН

Шымкентте киім-кешек дүкені иесінің сөмкесінен ақша ұрлаған әйел ұсталды. Жәбірленушінің айтуынша, сауда орнына сатып алушылардың бірі боп кірген күдікті ұзақ уақыт тауар таңдағандай кейіп танытқан. Дүкен иесінің басқалармен тілдесіп тұрған сәтіН пайдаланып, сөмкесіндегі 200 мың теңгені жымқырып кеткен. Бұл дерекке қатысты қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша іс қозғалды. Бейнебақылау жүйесінің көмегімен күдікті анықталды. Ол Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғыны. 

БІРЕУДІҢ МАЛЫН ТАЛАН-ТАРАЖ ҚЫЛҒАН

Алматы облысында алдындағы малды ысырап етіп, иесінен заңсыз жалақы алып келген қойшы ұсталды. Жәбірленушілер оған 64 бас ұсақ жандық пен 12 бас жылқыны сеніп тапсырған екен. Еңбек ақысын да дер кезінде төлеп отырған. Полицейлердің қолына түскен 33 жастағы күдіктінің малды жоқ қылғаны белгілі болды. Сондай-ақ қолында бірде-бір бас малдың жоқтығына қарамастан, жандық сатамын деп ауылдастарынан ақша жиып үлгеріпті. Нәтижесінде 1 миллион 365 мың теңге шығын келді. Күдікті өзінің кінәсін толық мойындады. Қазір басқа да зардап шеккен адамдарды анықтау үшін тексеру жүргізілуде.