Шымкентте үйдің ауласынан тастанды бала табылды

Шымкентте көп қабатты тұрғын үйдің ауласынан тастанды бала табылды.

Жауапсыз ана жаңа туған сәбиін балалардың ойын алаңына қалдырып кеткен. Сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындар нәрестені дереу жедел жәрдем қызметінің саll-орталығына жеткізді. Мамандар аса ауыр жағдайдағы сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, балалар ауруханасына жатқызды. Нәрестенің салмағы 3 келі 200 грамм. Ал бойы 50 см. Дәрігерлер сәбиге суық тигені болмаса, өміріне қауіп жоқ, дейді. Полиция департаментінің қызметкерлері көкек анаға іздеу жариялап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Дереу арада алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін бала реанимацияға жатқызылды. Бүкіл медициналық қызметкерлер консилиум жасап, бүгінгі таңда бала жалпы палатаға ауыстырылды. Жағдайы жақсы. Бүгінгі таңда белгілі болғаны балада аса ақаулар байқалмады. Қазіргі таңда анасы табылмаса заң жүзінде құжаттарын рәсімдеп, оны арнайы мамандандырылған балалар үйіне өткіземіз.