Павлодарда қорадағы қойды ит талап өлтірді

Павлодарда қорадағы қойды ит талап өлтірді

Павлодар облысында қорадағы  ұсақ малды қырып кеткен иттердің бірінің иесі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді ол «Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіру» бабы бойынша, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Естеріңізге сала кетсек, оқиға кеше Ақсу қаласына қарасты Айнакөл аулының Көктас бөлімшесінде болды. Түн мезгілінде иттер қорадағы қойларды  талап өлтіргені туралы бейнежазба алдымен әлеуметтік желілерде тарады. Ауыл тұрғыны  қорасына үш иттің кіргенін айтқан. Олар 9 қозы мен 3 үлкен қойдың ішек-қарнын жарып кеткен. Мал иесіне келтірілген шығын көлемі 400 мың теңге құраған. 

Қуаныш Мұстафинов, облыстық ПД  Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:

Аталған дерек бойынша, иттің иесі 46 жастағы тұрғынға қатысты  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы  408-бабының  2 тармағы «Иттерді асырау мен серуендету ережелерін бұзу, жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіру» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Айтылған бап бойынша, 10 АЕК яғни 30 мың теңгеден астам айыппұл қарастырылады. Хаттама көшірмесі бойынша, зардап шеккен жақ азаматтық тәртіппен  залалды өтеу үшін сотқа жүгінуге құқылы.