Талдықорғанда шатыр құлап, көліктерді басып қалды

Талдықорғанда да дауыл тұрып, ғимараттар мен бірнеше көпқабатты үйдің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан автотұрақтар мен үй ауласында тұрған көліктер қиранды астында қалған. Әзірге нақты қанша шығын келгені анықталған жоқ. Төтенше жағдай қызметі халыққа осындай жағдай болуы мүмкін екенін алдын ала ескертілген дейді. Дауылдан Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы да бүлінген. Мекеменің бас дәрігерінің айтуынша, қабылдау бөлімінің металл жабындарын жел ұшырып әкеткен. Ал дауыл салдарынан жарақат алып, ауруханаға түскен ешкім жоқ,-дейді дәрігерлер.

Әсет Масабаев, қала әкімі:

– Қалада көптеген ағаштардың құлау фактілері бар. Бұлар бойынша таңға дейінгі аралықта қаладағы коммуналдық мекеме қызметкерлері жұмыстарын істеп, осының бәрін бітіріп тастауға тырысамыз. Құрылыс бойынша адамдардың ешқайсысы көмексіз қалмайды.