Қостанай облысында болған жол апатының мән-жайы анықталды  

Көлік тізгіндеген адам мас күйде болған әрі оның жүргізуші куәлігі болмаған. Қостанайлық полицейлер Тобыл қаласында тіркелген жантүршігерлік жол апатына қатысты тың ақпарат жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін айтылғандай, қаза тапқан жігіт жаяу жүргінші екені расталмады. Ол жеңіл көліктің жолаушысы боп шықты. Қаланың орталық көшесінде жарысқан темір тұлпардың бірі қарсы жолақтағы көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Сөйтіп мас адам басқарған көлік салонындағы жігіт сыртқа ұшып кеткен. Ал жүргізуші дін аман. Екінші көліктегі үш адам жеңіл дене жарақатын алып, қазір амбулаторлы ем қабылдап жатыр. Апатқа кінәлі жігіттің қандай жылдамдықпен қозғалғанын сараптама анықтайды. Сонымен бірге ресейлік тіркеудегі көліктің қожайыны да белгісіз.  

ЗЕРГЕРЛІК ДҮКЕН ТОНАЛДЫ 

Көкшетауда зергерлік дүңгіршек тоналды. Ұрылар алтын бұйымдар мен ақшаны қолды еткен. Келтірілген шығын шамамен бір жарым миллион теңгеге бағаланды. Полицейлер қарақшылық шабуыл жасағандарды ізін суытпай ұстады. Бұл ретте құқық қорғау қызметкерлері бейнебақылау камерасындағы жазбаларға сүйеніп, куәгерлерден жауап алды. Оған қоса, қылмыскерлер оқиға орнында саусақ іздерін қалдырып кетті. Дактилоскопия және қолда бар видеоның нәтижесінде 33 жастағы қарағандылық екі тұрғын анықталды. Оларды полицейлер бірнеше сағаттан кейін елорда бағытындағы тас жолда қолға түсірді.

БАЛЫҚШЫЛАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ  

Балқаш көлінде мұз бөлініп, екі балықшыны ағызып әкетті. Ер адамдар балық аулау үшін қалалық жағажайға шыққан. Бірақ желдің екпінімен суға батып кеткен. Құтқарушылар жүзу құралымен жағалауға жеткізді. Екеуіне медициналық көмек қажет болмады.  

ҚАРУДЫ ЗАҢСЫЗ САҚТАҒАН  

Қостанай тұрғындары заңсыз қару сақтаған. Полицейлер екі газ тапаншасы мен екі аңшылық мылтықты тәркіледі. Заң бұзғандардың жас шамасы 20 мен 70-тің аралығында. Оларға 92 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленді. Тәркіленген қаруларға сараптама жасалып, көзі жойылды.