Алматыда құрылыс алаңында алып кран құлады

Алматы қаласында құрылыс алаңдарының бірінде алып кран құлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, төтенше жағдай Түрксіб ауданында болған. Абырой болғанда қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда аталған фактіге қатысты арнайы комиссия құрылды. Ол төтенше жағдайдың себеп салдарын анықтап, тергеу жұмыстарымен айналысатын болады. 

АЛТЫ РЕТ СОТТАЛҒАН ҰРЫ ҰСТАЛДЫ

Қапшағай қаласында 20-дан астам ұрлық жасады деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталды. Сезікті осыған дейін алты мәрте істі болып, өмірінің 25 жылын темір тордың ар жағында өткізген. Ол алғашқы қылмысын кәмелетке толмай тұрып жасаған екен. Ал бостандыққа тек өткен жылдың қараша айында ғана шыққан. Осылайша сезікті жеке үйлерден түрлі құрылыс құралдарымен тұрмыстық техникаларды қолды қылып отырған. Тек дәлелденген фактілер бойынша ғана шығын 2,5 миллион теңгеден асады.

Нұрлан Қуанышбаев, Қапшағай қалалық ПБ басшысының орынбасары:

- Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда оның 21 қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Жақын күндері іс сотқа жібереледі. 

ЗАҢСЫЗ АУЛАНҒАН 26 ҚҰСТЫҢ ЕТІ ТӘРКІЛЕНДІ

Түркістан облысының тәртіп сақшылары заңсыз құс атып алған браконьерлерді ұсталды. Жедел алдын алу шарасы барысында полицейлер Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылы маңындағы Ақжар көлінде аңшылық құрған екі азаматты қолға түсірді. Ал олардың аң-құс атуға еш құжаттары болмай шықты. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзған күдіктілердің  бірі Ордабасы, ал екіншісі Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты. Олар бас аяғы 26 бас қаз-үйректі жайратып салған. Қазір олардың басқа да осындай қылмыстарға бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қанаттылардың еті тәркіленіп алынды.

ШЕКАРАШЫЛАР АЛТЫН КОНТРАБАНДАСЫНЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ

Елордалық шекарашылар Ыстамбұл-Нұр-Сұлтан бағытындағы халықаралық әуе рейсінің жолаушыларын шекаралық бақылау жүргізу кезінде декларацияланбаған зергерлік бұйымдарды әкелуге әрекет жасаған сезіктіні ұсталды. Алтын бұйымдарының жалпы салмағы 34 келіден асады. Алдын ала болжам бойынша оның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайған. Қазір аталған фактіге қатысты іс қозғалды. Тауарлар экономикалық тергеу департаментіне одан әрі процестік іс-қимылдар жүргізу үшін тапсырылады.