Оралда қарияны азаптап өлтірген күдікті ұсталды

Оралдық полицейлер 72 жастағы әйелді  азаптап өлтіруге қатысы бар күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қанды оқиға Зачаган кентіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде күндізгі уақытта болған. Қаскөй қарияның үйде жалғыз болғанын пайдаланып, оған бірнеше пышақ жарақатын салды. Кейін жәбірленушінің алтын бұйымдарын тонап, ізін суытқан. Жантүршігерлік қылмыстық істі ашуға аймақтағы ең тәжірибелі із кесушілер мен тергеушілер тартылды. Күдікті қылмыстық әрекетінің ізін жасыруға барынша тырысқан. Тікелей куәгерлердің болмауы да тергеу ісіне кедергі келтірді. Тергеушілер қылмыс жасалған аумақтағы 700-дей ауланы аралап, мыңға жуық адамнан жауап алған.

Сұлтан Шалдарбеков, облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы:

Кешенді жедел іздестіру нәтижесінде аталған аса ауыр санаттағы қылмысқа Орал тұрғыны 1987 жылғы А есімді азаматшаның қатысы бар екені анықталып ұсталды. Тінту барысында айғақ заттар тәркіленді. Күдікті ҚР ҚК 128-бабына сәйкес, қамауға алынды.