Петропавлда дүкенге шабуыл жасалды

Петропавлда қара бетперде киген жігіт дүкенге шабуыл жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бет-аузын тұмшалап, пышақ ұстаған белгісіз азамат сатушыны қорқыту арқылы 12 жарым мың теңгесін алып кеткен. Полицейлерге күдіктіні алысқа ұзатпай ұстауға көшедегі бейнебақылау камераларының көмегі тиді. Оңай олжаға құныққан 23 жастағы Есіл ауданының тұрғыны бұрын да сотты болған. Қазір ол қамауға алынды.

КӨКШЕТАУ ТОПТЫҚ ТӨБЕЛЕС БОЛДЫ 

Бейнебақылау құрылғылары көкшетаулық полицейлердің де жұмысын жеңілдетіп тұр. Облыс орталығындағы ойын-сауық  кешені маңында болған төбелеске қатысқандар көшедегі таспагердің көмегімен ұсталды. Оқиғаға зер салсақ, әуелі түнгі клуб қызметкерлері мен көңіл көтеруші меймандар арасында жанжал туады. Бір-бірін балағаттаудың арты жұдырық сілтеуге ұласады. Ызалы топты тәртіп сақшылары келіп ажыратып, барлығын полиция бөлімшесіне алып кетті. 

АЛМАТЫДА 4 КӨЛІК СОҒЫСЫП ҚАЛДЫ  

Алматыдағы Төле би мен Сәбит Мұқанов көшелерінің қиылысында 4 көлік соқтығысты. Оның бірі жедел жәрдем қызметіне тиесілі. Соққының жойқын болуынан реанимобиль аударылып түскен. Сол маңда болған куәгерлердің  айтуынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір жол-көлік оқиғасының себебі анықталып жатыр. 

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕЛДІ КҮНІ ҚУРАҒАН ШӨПТІ ӨРТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ  

Ауданы 200 шаршы метр болатын қураған шөпті өртеймін деген қызылордалық үйі мен көлігінен айырылып қала жаздады. Желден күш алған қызыл жалын аулада тұрған «Mersedes-benz» маркалы жүк көлігінің кабинасын түгел жалмады. Одан жеке тұрғын үйдің сыртқы пеноплекс қаптамасы, су ағары, пластик терезелерін зақымдады. 4 техника көмегімен 18 құтқарушы жабылып жүріп тілсіз жауды әрең ауыздықтады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

ҚАРАҒАНДЫДА КӨПІРДІҢ БІР БӨЛІГІ ОПЫРЫЛДЫ        

Қарағанды облысы Абай ауданында көпірдің бір бөлігі опырылып түсті. Жартас су қоймасынан көп мөлшерде жіберілген су Юбилейное ауылындағы өткелді шайып кетті. Қазір елді мекен тұрғындары үшін барыс-келіс қиындап, Көксу ауылы арқылы өтетін айналма жолмен қатынауға мәжбүр болып отыр. Абай ауданы әкімдігінің өкілдері су көлемі азайғасын көпір қайта жөнделетінін жеткізді.