Жарты миллион теңге бопсалаған шымкенттік блогер ұсталды

Жарты миллион теңге бопсалаған шымкенттік блогер ұсталды
inform.kz

Шымкентте медициналық мекемеден 500 мың теңге бопсалаған блогер сот шешімімен қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Күні кеше әлеуметтік желілерде блогердің ақша бопсалап, ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бүгін осыған қатысты қалалық полиция департаменті ресми мәлімет жария етті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Шымкент қалалық криминалдық полициясына шенеунік шағымданған. Ол қаладағы емханалардың бірінің дәрігерлерінен әлдебіреулер ақша талап еткенін жеткізді. «Ер адамның айтуынша, өздерін блогерміз деп таныстырған бірнеше адам одан жарты миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған. Өз кезегінде олар әкімшілік ғимаратта мемлекеттік ту жыртылған бейнежазбаны таратпауға уәде еткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 194-бабы «Бопсалау» бойынша тіркеді. Сондай-ақ криминалдық полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел шараларды қабылдап, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде қолға түсті. Күдікті азаматты ұстау барысында оның Toyota Camry маркалы автокөлігінен 300 000 теңге көлеміндегі ақша тәркіленді» – делінген Шымкент қалалық ПД хабарламасында. Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеушілер оқиғаға қатысты барлық мән-жайды анықтау үстінде.