Түркістан облысында ит қапқан жасөспірім көз жұмды

Түркістан облысында ит тістегеннен кейін бір жылдан соң 14 жасар жасөспірім қайтыс болды. Өлімнің болжамды себебі – құтырма ауруы.

Ата-анасының айтуынша, ит өткен жылдың мамыр айында ұлына шабуыл жасап, аяғын тістеп алған. Бірақ медициналық көмекке жүгінбей, өздері үйде емдеумен айналысқан. Тек бір жылға жуық уақыт өткен соң, 7 сәуірде жасөспірімде қорқыныш, үрей, дене температурасының жоғарылауы, сүйектер мен жарақат алған жердің ауырсыну, су ішу кезінде ауаның жетіспеушілігі және жалпы әлсіздік тәрізді клиникалық белгілер пайда болған.

ҚР ДСМ мәліметінше, келесі күні олар тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген, дәрігерлер оған сүйек ауруына қарсы емдеу тағайындаған.

«Оған қарамастан баланың жағдайы нашарлай берген. Бала бел тұсындағы ауруларға шағымдана бастайды. Баласына ем-дом іздеген ата-ана жеке клиникаларға ғана емес, дәстүрлі емес медицина өкілдеріне де жүгіне бастаған.

УДЗ өткеннен кейін жасөспірімде бүйректегі қабыну анықталып, соған сәйкес ем алған. Бірақ баланың жағдайы беті қарамаған: балада ентігу, гидрофобия, аэрофобия пайда болған»,
– делінген мәліметте.

Жағдайы күрт нашарлаған баланы 10 сәуірде жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға апарып, жұқпалы аурулар бөлімінде оған құтырма диагнозы қойылды. Сол күннен бастап барлық отбасы мүшелері медициналық бақылауға алынды. Алайда сегізінші сынып оқушысын аман алып қалу мүмкін болмады. Ол 11 сәуірде көз жұмды.