Көкшетауда облыстың бұрынғы бас дәрігері сотталды

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты. 1 жылға жуық тергелген қылмыстық іске бүгін нүкте қойылды. Сот облыстың экс-бас дәрігерін «Өзіне сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мүлікті иеленді» деген айып тағып, 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған іске қатысы бар жекеменшік клиника мен медициналық қондырғылар сатумен айналысатын компания директоры да осындай мерзімге сотталды. Олардың әрекеті «ұйымдасқан қылмыстық топ» деп бағаланды. Сотталушылар 2020 жылы пандемия кезінде тыныс алу аппараттарын сатып алуға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырған. Нәтижесінде ауруханаға бұрын қолданыста болған ескі аппараттар мен медициналық төсек-жабдықтар алынған. Сол кезде аурухананың бас дәрігері болған Қасымжан Тәшметов, сот шешімі бойынша амнистияға ілігіп, жазадан босатылды. Дегенмен ол 25 млн теңге шығынды өтеуге міндеттеледі.

Әтімбек Жұмабеков, қалалық соттың судьясы:

Ілиясов пен Молдантаева ҚР қылмыстық кодексінің 189-бап 4-тармағы бойынша айыпты деп танылып, екеуі де 8 жылға бас бостандығынан айрылсын. Жаза орташа дәрежедегі түзету мекемелерінде өтеледі. Сондай-ақ олардан 86 млн теңге мемлекетке келтірілген шығын алынсын. Молдантаеваның арам жолмен тапқан ақшасына сатып алынған Lexus автокөлігі де тәркіленсін.