Ақмола облысында ағаш шеберханасы отқа оранды

Оқиға Щучинск қаласында болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрт сөндірушілердің мәліметінше аумағы 1200 шаршы метр болатын ғимараттың жартысына жуығы ішіндегі дайын бұйымдарымен қоса жанып кеткен. Оқиға орнында 8 техника мен 30 шақты құтқарушы жұмыс істеген. Олар тілсіз жаумен 3 сағатқа жуық арпалысыпты. Абырой болғанда қызыл жалыннан адамдар дін аман. Қазір оқиға орнында құзырлы органның мамандары өрттің нақты неден шыққанын анықтап жатыр.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД бастығы:

Шеберханада болған дайын ағаш моншалар мен басқа да құрылыс материалдарының біразы жанып кетті. Дегенмен нысанның жартысынан астамын аман алып қалдық. Өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Кәсіп иесінің сөзінше әзірге осындай болжам жасап отырмыз. Нақты қорытынды жан-жақты тексерістен кейін белгілі болады.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА БАРЫМТАШЫЛАР ҚОЛҒА ТҮСТІ

Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Олар 40 бас жылқыны Май ауданындағы «Жақабай» жайылымынан  айдап өтіп бара жатқан жерінен қолға түскен. 4 адамнан тұратын топ барымталаған жылқылар Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына тиесілі көрінеді. Полиция департаментінің айтуынша, тергеу барысында бұл күдіктілердің бұдан бөлек тағы 23 бас жылқы ұрлығына қатысы бары анықталған. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ КРИПТОВАЛЮТА ӨНДІРГЕНДЕР ҰСТАЛДЫ

Атбасар қаласының тұрғыны үйінде криптовалюта өндірген. Полицейлер жедел алдын-алу шарасы аясында тексеріс жүргізіп жеке тұрғын үйлердің бірінен электрондық валюта өндіруге арналған жабдықтар тапты. Тінту кезінде арнайы «айтмайнер» жабдығының екі данасы мен оған арналған 9 бірлік құрылғы және қосалқы техника тәркіленді. Оның қожайыны 29 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тәртіп сақшыларының мәліметінше ол 3 ай бойы криптовалюта өндірумен айналысқан. Аталған дерекке қатысты тексеру жүріп іс мемлекеттік кірістер басқармасына өтті.

ТАРАЗДА КӨЛІКТІҢ ҮСТІНДЕ САЙРАН САЛҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҰСТАЛДЫ   

Таразда көлік үстіне шығып алып сайран салған жасөспірімдер ұсталды. 15 жастағы мектеп оқушысы ағасының көлігін айдап кетіп достарымен бірге көңіл көтермек болған көрінеді. Жүріп бара жатқан көліктің үстіне шығып қала көшелерін кезіп жүрген жеткіншектерді полиция анықтады.  Тәртіп сақшылары автокөліктің иесін тауып әкімшілік хаттама толтырылды. Оған жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаға көлігін бергені үшін 153 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЗАУЫТ ТОНАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ 

Жамбыл облысында зауыт тонаған күдіктілер қолға түсті. Оқиға Жамбыл ауданында болған. Бірнеше күн бұрын өндіріс орнының директоры полицияға 100 шаршы метрлік конвейер таспасы ұрланғанын айтып арыз түсірген. Жедел іздестіру шаралары кезінде осы зауытта жұмыс істейтін екі адам ұсталды. Олар құны 2,7 млн теңге болатын затты тонап оны 900 мың теңгеге сатып жіберген.  Күдіктілер 26 мен 30 жастағы Тараз қаласының тұрғындары болып шықты. Олар кінәларын толық мойындап үстерінен қылмыстық іс қозғалды.