Жамбыл облысында жиырма қап алтынмен ұсталды

Жамбыл облысында 6 адам 20 қап алтынмен ұсталды. Оқиға Мойынқұм ауданында болды. Полицейлер Ақбақай ауылының төңірегін патрульдеу кезінде тау жыныстарын заңсыз өндірумен айналысқан бір топ адамға кезіккен. Күдіктілер құрамында алтыны бар кенді қазып қапқа салып жинаған. Оны жүк көлігіне тиеп алып кетпек болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұсталғандардың бесеуі Жамбыл, біреуі Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Олардан генератор, темір кескіш, балға сияқты құрал-сайман тәркіленді.

Рахымберді Әшкеев, облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

– Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 334-бабы Жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақтар тәркіленіп қазіргі таңда сот-химиялық сараптамасы тағайындалды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталуда.