БҚО-да бұралқы иттер малға шапты

БҚО-да бұралқы иттер малға шапты

 Батыс Қазақстан облысында бұралқы иттер малға шапты. Жымпиты ауылы тұрғынының 82 бас қойын төбеттер тамақтап кеткен. Осындай оқиғалар жыл басынан бері бірнеше мәрте қайталанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәуір айында төрт аяқты жануарлар 12 бас қой мен тауықтарды қырып салған еді. Қараусыз жүрген қаңғыбас иттер мал ғана емес, адамға да қауіп төндіріп отыр. Өзекті мәселе өңірде жиі көтеріліп жүр.  Бірақ нәтиже шамалы . Былтыр аймақта ит қапқан 1 мың 600, ал биыл 400-дей адам дәрігер көмегіне жүгінген. Ит-мысықтар  екі жыл бұрын енгізілген өзгеріске сәйкес, арнайы клиникада био зарарсыздандырылған соң көшеге қайта жіберіледі. Соның салдарынан қаңғыбас иттер саны көбейіп, зардабын тұрғындар тартып отыр.

Батырбек Жұбанғалиев,  Жымпиты ауылының тұрғыны:

Қорадағы қойыма бұралқы иттер шауып, қойымды қырып кетті. Осы балдардың аузынан жырып, осыларға жем-шөп алып жатырмыз. Жемнің қапшығы 4 мың теңге, рулон 5 мың теңге. Осы жағдайымыз. Енді бұған үкіметтен көмек бола ма екен білмеймін. Жігіттер құлаған малды сойып жатыр. Алатын-алмайтынын білмеймін.

Балдай Сапарғалиева, БҚО Ветеринариялық басқармасының бөлім басшысы:

Сырым ауданы бойынша айтатын болсақ, аулау және биозарарсыздандыру жұмыстарына 1 млн 700 мың теңге қаражат бөлінді осы жұмыстарға. 158 қаңғыбас ит пен мысықты аулап, биозарарсыздандыру көзделіп отыр. Жыл басынан бері Сырым ауданы бойынша жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер негізінде 225 қаңғыбас ит ауланып жойылды.