Таразда зейнеткерді өз күйеу баласы тонап кетті

Белгісіз біреулер қарияның үйіне кіріп қорқытқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп ірі көлемде ақша, алтын зергерлік бұйымдар мен ұялы телефонды қолды қылған. Полицейлер бұл іске қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Оның бірі жәбірленушінің күйеу баласы болып шықты. Ұсталған қос азамат істерін мойындады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.

ЗЕРТХАНАДА ЕСІРТКІ ДАЙЫНДАҒАН

Қызылордада синтетикалық есірткі жасалып келген зертхана жойылды. Оны ұйымдастырып жүзеге асырған күдікті азамат шетелден синтетикалық қоспа қабылдап жатқан жерінен қолға түсті. Ол есірткіні пәтерде дайындаған. Тінту кезінде екі литр есірткі заты, дозаларға бөлінген қаптамалар, электрондық таразы, бояғыш сияқты түрлі құрал-жабдықтар табылды. Дайын өнімді ол месенджерлер арқылы таратқан. Жедел шара кезінде синтетика жасырылған 13 құпия орын табылып, 21 орама есірткі тәркіленді. Енді күдікті 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ГРАНАТА ТАБЫЛДЫ

Таразда қаңтар оқиғасынан бері әлі де қару-жарақ табылып жатыр. Полицейлер бір аптада 16 бірлік қару мен 500-ден астам оқ-дәрі мен бірнеше  граната тәркіледі. Олардың арасында Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, Сайга сияқты қарулардың түрі бар. Мәселен, қала аумағында қалың шөптің арасынан жасырылған 8 дана қару табылды. Құпия орыннан қаптамаға оралған гаранаталар, оқтар, полицейлердің шлемі де шықты. Қазір сот-баллистикалық сараптама тағайындалып тергеу амалдары жүріп жатыр.

БІРЕУДІҢ КӨЛІГІН МІНІП КЕТКЕН 

Шымкентте көлікті заңсыз айдап кеткен жігіт ұсталды. Оқиға Абай ауданында болған. Белгісіз біреу жәбірленушінің үйіне жасырын кіріп, есік алдында тұрған  ВАЗ-2104 көлігін мініп кеткен. Жедел іздестіру нәтижесінде бейне бақылау камераларының көмегімен күдіктінің жүрген жері анықталды. Ол қала ішінде қашуға тырысқанымен қолға түсті. Қазір аталған дерекке қатысты автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз иеленіп алу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

БАЛЫҚТЫ ЗАҢСЫЗ АУЛАУ ДЕРЕГІ АЗАЙМАЙ ТҰР

Түркістан облысында заңсыз балық аулау дерегі тыйылмай тұр. Бір ғана Жетісай ауданының өзінде полицейлер 15 құқықбұзушыны қолға түсірді. Сонымен қатар заңсыз балық аулау бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Браконьерлікпен айналысқан тұрғындардан 150-ге жуық балық, 1 дана қайық, жарық беру құралдары, 700 метрдан астам заңмен тыйым салынған ау тәркіленді.

Айта кету керек, өңірде балық уылдырық шашып көбейетін мезгілде өзен, көл, су айдындары мен тоғандарда бақылау күшейтілген.