Қызылордада өзін Антикордың қызметкері ретінде таныстырған қала тұрғыны ұсталды

Қызылордада жалған қызметтік куәлікпен жүрген 34 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Қаланың орталық көшелерінің бірінде күдік тудырған көлік жедел басқару орталығының бейнекамерасына түсіп қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан кезде жүргізушісі өзін «Антикордың қызметкерімін» деп таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Тексеру барысында қызметтік куәліктің жалған екендігі анықталды. Айғақты заттар алынды. Осы іске қатысты тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Нұр-Сұлтанда ұры қолға түсті

Нұр-Сұлтан қаласында дүкеннен зат ұрлаған күдікті ұсталды. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Кадрда ер адамның сөредегі тауарларды алып, күртешесінің астына тығып жатқаны анық байқалады. Алайда күзетшілердің дер кезінде әрекет етуінің арқасында ұры қолға түсті. Бұрын сотты болған 28 жастағы азамат енді тағы бір қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.  

Қарағандыда құтқарушылар 6 жасар баланы аман алып қалды

Аулада ойнап жүрген балақай абайсызда жерасты автотұрағының желдеткіш тесігіне аяғын кіргізіп алып, шыға алмай кептеліп қалған. Облыстық ТЖД қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында бала дін аман сыртқа шығарылды.

Шымкент қаласының тұрғынынан 22 келі марихуана тәркіленді

Есірткіні заңсыз сақтап сатты деген күдіктіні тәртіп сақшылары “Алаш” базарынан ұстады. Тінту кезінде күдіктіден аяқ киім қорабына салынған бір келі марихуана алынды. Сондай-ақ оның пәтерін тінту кезінде балконнан екі полиэтилен пакетке салынған марихуана табылды. Ал жатын бөлмесінен есірткі заты салынған екі жол сөмкесі анықталды. Ұсталған азамат Шымкент қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ақтауда екі көліктің соқтығысқан сәті видеоға түсіп қалды

Оқиға қаланың орталығында болған. Жеңіл көлік жол талғамайтын көлікке жол бермей, өте шыққан. Салдарынан жол апаты болды. Жақын маңда жедел жәрдем көлігі келе жатқандықтан бірден зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Мамандардың айтуынша, жарақат алғандар жоқ. Алайда жол ережесін  бұзған жүргізушіге айыппұл салынады немесе 6 айға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады.