Алапат өрт. Қостанайда қала деңгейінде төтенше жағдай жарияланды

Кеше облыс орталығында он үш үй жанып кеткен еді. Адамдар дін аман. Қазіргі кезде зардап шеккендерге материалды көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алапат өрттің себеп-салдарын анықтап, зардабын жою үшін шұғыл штаб құрылды. Оқиға орнында болған тілшіміз жалғастырады

Мағауия Қалиев, тілші:

Өрт өзен жиегіндегі қамыстан басталған. Желдің қатты екпінімен жағалаудағы үйлерге ауысқан. Оттың тез күш алғандығы соншалық бас-аяғы бір-екі сағаттың ішінде жағалау бойындағы 12 үй міне мынау сияқты күл болып, жанып кеткен. Үй иелері тіпті құжаттарын да алып шығып, үлгіре алмай қалған.

Үйсіз-күйсіз қалған Смирновтар отбасын әзірге көршілері паналатып отыр. Ширек ғасыр жиған-тергенімізден түк қалмады дейді. Зейнет жасындағы азаматтар тілсіз жау тырнағынан екі немересін әрең құтқарып қалған.

Александра Смирнова, қала тұрғыны:

Үстіміздегі бар киімімізбен далаға атып шықтық. Жағалай қара түтін. Айналамыз біден отқа оранды.Ештеңе алып шығып үлгермедік. Тіпті барлық құжаттарымызда жанып кетті. Көмектесеміз деп жатыр. Баспана беретін шығар. Біздің баратын басқа жеріміз жоқ.

Зинаида Денега жұбайымен бірге қазір оңалту орталығында тұрып жатыр. Барынан айырылған қариялардың көңілі пәс. Өртте ұсақ-түйек мал, құстары да қырылып қалған.

Зинаида Денега, қала тұрғыны:

Үй, жиһаз, автокөлік бәрі жанып кетті. Қырық жыл жинаған дүниеміз бір мезетте жоқ болды. Осылайша жалаң қалдық. Әзірге осы бөлмеде тұрып жатырмыз.

Қазір оңалту орталығына бес отбасы орналастырылған. Әлі де келіп жатқандар бар. Олардың барлығы жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.

Дінмұхамед Спанов, оңалту орталығының директоры:

– Уақытша тұратын жермен, тамақпен толық қамтамасыз етеміз. Жеке адамдар да көмек-қолдау көрсетіп жатыр. Сабын, тіс пастасы сияқты гигиеналық заттар жеткілікті. Ас-тағамнан ешқандай зәрулік жоқ.

Бұл өрт қалалық денгейдегі төтенше жағдай деп танылды. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетілді. Әр отбасына азық-түлік және 200 мың тенгеден ақша берілді. Бұл сырттан тартылған қаржы. Одан бөлек әлеуметтік қорғау жүйесі бойынша 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағы да қаржылай қолдау қарастырылған.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

Зардап шеккен отбасындағы мектеп оқушыларына оқулықтар, басқа да керек-жарақтар беріледі. Киім-кешекпен де қакмтамасыз етеміз. Кәмелеттік жасқа толмаған студенттер де осындай көмекке ие болады. 

Қазір оқиға орнында комиссия жұмыс істеп жатыр. Үй-жайлар, дүние-мүлік есепке алып, шығын мөлшері шығарылады. Оның қанша болары жақын күндері жария етіледі.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

– Шығын анықталғаннан кейін тиісінше өтемақы мөлшері де мәлім болады. Ол мемлекеттік бюджет есебінен беріледі. Осындай жағдайларға қаралған қорда қаржы бар. Қазір ол заңды тұрғыда қалай жүзеге асатындығы қаралып жатыр.

Төтенше жағдайды жою жөніндегі шұғыл штаб зардап шеккендермен үнемі байланыста. Қажет жағдайда қандай бір көмек көрсетуге дайын.

Авторлары: Мағауия Қалиев , Ермек Мухамедьяров