Шымкент қаласындағы жарылыстан көз жұмғандар саны үшке жетті

Шымкент қаласындағы жарылыстан көз жұмғандар саны үшке жетті

Мұны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші Б., 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған 1 сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Тағы 8 адам зардап шекті, олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды» деп жазды министрлік әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Оқиға кезінде перинаталдық орталықта 189 науқас пен 65 қызметкер болған. Олардың барлығы Шымкенттің басқа медициналық ұйымдарына көшірілді.

Психологтар тобының жұмысы ұйымдастырылды.

Түркістан облысы бойынша жүкті және жаңа туған нәрестелерді бағыттауды ұйымдастыру және өзгерту бойынша жұмыстар шұғыл түрде жүзеге асырылуда.

Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасын уақытша өңірлендіру туралы тиісті бұйрық дайындалып, өңір әкімінің орынбасары бастаған облыстық клиникалық ауруханада жұмыс штабы құрылды.

«Жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр, оқиға орнына ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы барды. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және осы қайғылы оқиғаны тергеу үшін ведомство барлық қажетті шараларды қабылдайды», - деп жазды министрлік.