ШҚО-да бір күнде 4 бірдей өрт дерегі тіркелді

Оқыс оқиғалар облыс орталығы мен бірнеше ауданда болған. Мәселен, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында жеке үйдің ауласында тұрған қора мен 2 тонна шөп өртенсе, Ақсуат елді мекенінде баспананың ас бөлмесі өртке оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, Көкпекті ауданында да қоражайды қызыл жалын шарпып, 4 тонна мал азығы мен бірнеше бас ірі қара тірідей жанып кеткен. Ал, Өскеменде тілсіз жау үлкен гараж бен онда тұрған жүк көлігі мен жеңіл автомашинаны жалмады. Абырой болғанда адамдар дін аман. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

СҚО-да 13 БАС ЖЫЛҚЫ ҰРЛАНДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында 13 бас жылқы ұрланған. Бұл туралы полицейлерге Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны хабарлапты. Ол жоғалып кеткен малын алдымен өзі табуға әрекет жасаған. Алайда нәтиже шықпаған соң, тәртіп сақшыларына жүгінеді. Жедел іздестіру жұмыстарына дереу кіріскен полиция қызметкерлері көп ұзамай жылқылардың қайда екенін анықтады. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, оларды аталған ауданның бұрын сотталған 30 жастағы тұрғыны Қостанай облысына апарып сатып жіберген. Қазір жылқылардың бәрі табылып, иесіне қайтарылған. Ал, күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАРАҚШЫЛЫҚ ЖАСАҒАН КҮДІКТІЛЕР ҰСТАЛДЫ

Қызылордада құрылысшыларға қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды. Жәбірленушілердің айтуынша, кеше белгісіз біреулер қала аумағында орналасқан құрылыс нысандарының біріне заңсыз кіріп, жұмысшыларды қаруға ұқсас затпен қорқытып, оларға тиесілі 9 ұялы телефон мен ақшаларын, сондай-ақ бірқатар құрылыс материалдарды да алып кеткен. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде істің ізін суытпай, екі облыс тұрғыны ұсталды. Олар қазір қамауда отыр. Ал, үшінші күдікті әлі  іздестіріліп жатыр.

АҚТАУДА ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ АУЛАҒАНДАР ҚОЛҒА ТҮСТІ

Ақтауда рұқсатсыз балық аулаған 2 адам енді заң алдында жауап береді. Аймақта «Бекіре-2022» акциясы жүріп жатыр. Күдіктілер Приморский елді мекені жағажайында пайдалануға тыйым салынған моножіпті ау-құралымен ұсталды. Жалпы салмағы 190 келіден астам балық пен резеңке қайық тәркіленген. Сондай-ақ инспекторлар су бетінен ұзындығы 2,5 мың метрдей ауды жинап алды. Қайықта анықталған әртүрлі балықты жергілікті бекіре фермасына апарып тапсырған. 

 

Жақсығали Іздібаев, Аймақтық Балық шаруашылығын бақылау инспекциясының басшысы:

– Қылмыстық жауапкершілік белгілерінің болуына байланысты азаматтарға толтырылған материалдардың мәселесін шешу үшін құқық қорғау органына жолдауға дайындалуда. Ауланған балық санын және келітірілген залалды анықтау жұмыстары жүргізілуде.